Шыңғыс бабамызға неге құрмет жоқ?
Білге қаған табғаштардан жеңіліп (584 ж), ұлы Көктүрік империясы ыдырайды. Пайда болған вакуумде қытайлардың бодандары болып империя екіге бөлінеді: Шығыс түркі қағанаты, Батыс түркі қағанаты. Қытайлардың «Цань ши» (іштен құртша кеміру) саясатының салдарынан түркі тайпаларының арасында соғыс өрті толастамады. Бақталастық, тақталастық басылмай, пайда болған мемлекеттердің ғұмыры ұзаққа созылмай, соғыс пен бейбітшілік бір-бірін алмастырып тұрды. Вакуумды толықтырғандардың бірі Ұйғыр қағанаты (түркілердің ұйыған мемлекеті, 742-847жж.). Қағанат экономикалық дамуда, егіншілік, сауда, мәдениет, білім беру салаларында едәуір жетістіктерге жеткен болатын. Оның алғашқы билеушісі Шигянның (қытай транскрипциясы) ұлы Жошының (Пуса) есімі, ерлігі мен жаужүректігі тарихта өшпес із қалдырды. Оның жасаған ерліктері ел ауызында аңызға айналды. Өзінің «Түркі шежіресінде» Шәкәрім Құдайбердіұлы: «... біз Ойғыр Отанынан шыққан елміз. Бұл Ойғыр деген бірігіп қосылған деген мағынада ... Сол ойғырдан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, арғын, найман, керейіт, дулат, үйсін деген тайпалар шығып, солардың нәсілінен шыққанбыз».
Білге қағаннан кейін түркі тайпаларының басын біріктірген – Шыңғыс хан. Көрші тайпаларды біріктіріп, орталықтандырған мемлекетін құрып, әскери жетістіктермен көзге түскен Моңғол ханы Тимужін 1206 жылы өзіне қосылған тайпалармен бірге құрылтай өткізді. Ең сенімді 95 ноянына мыңбасы лауазымы таратылып берілді. Әскер үшке бөлініп, қанат басшылары тағайындалды, жеті ноян әр түрлі аймақтар мен қызметтердің иесі атанды. Жаңа мемлекеттің аты «Еке моңғол ұлысы» (Ұлы Моңғол елі) болып қабылданып, «Йаса» әскери құқұқтық заңдар жинағы жария етілді. Осы тарихи оқиғадан кейін әлем мемлекеттің атын «Моңғол елі» деп таныды, Қытай –«Татар елі» деп атады. Тимужіннің «Шыңғыс хан» деген лақап аты осы құрылтайда қабылданды.
Шыңғыс хан – тарихи тұлғалардың ішіндегі ұлы данышпандардың бірі. Оны бүкіл әлем мойындап, БҰҰ –ның ЮНЕСКО ұйымы 2000 жылы оған Дүниежүзі бойынша «екінші мыңжылдықтың ең үздік адамы» деген атақ берді. Кеңес заманында Шыңғыс ханды «жауыз», «қанішер», «қиратушы» деген көзқарас таратылды. Шыңғыс ханға қатысты көптеген деректер бұрмаланды. Оның дұрыс емес екенін бүкіл адамзат мойындап келеді. Бұл большевиктердің пантюркизммен, панисламизммен күресуі үшін ойдан шығарған лақап еді. Коммунизм идеологтары Кеңес Одағына кіретін түркілердің Шыңғыс бабамызды арқау етіп, бірігуінен қорқатын. Тарихшылардың жазуынша, Шыңғысқа кейбір тайпалар өз еркімен қосылды, екіншілері қарсылық көрсетіп, қарудың күшімен қосылды. Мемлекетті құру, біріктіру оңай іс емес. Мысалға, Орталық Азияның соңғы 330 жылғы тарихын алайық. Түркі республикаларына тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Алдау- арбау да, қанды шайқастар да, ұлт - азаттық күрес те болды, аштық пен геноцидтің де дәмін таттық. Бастауда болған 1986 жылғы көтерілістің құрбандарының саны әлі де беймәлім. Ақын Жұбан Молдағалиев бірігу мен ажырасудың құнын былай береді: « Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген». Бату ханның ұрпақтары құрған Мәскеу мемлекетінің озбырлығын толығымен көрдік. Айта кету керек, жемқорлық сол заманда басталған. Мәскеу князьдары Алтын Орда билеушілерінен жасырын ұрлап алған салық бөлігінің көмегімен, Ұлы Ресей империясын құрды. Шыңғыс заманында қазақ, қырғыз, өзбек, бадахшан, тәжік, қарақалпақ, бурят, қалмақ этнонимдері белгілі болса да, ұлттардың аты болмайтын. « Бөліп ал да, биле» саясатына көшкен қызыл комиссарлар 1920 – 1934 жж. бір кезде бір шағатай тілінде сөйлеген халықты «қазақ», «қырғыз», «өзбек», «қарақалпақты» жаңа ұлттар деп жариялап бөлшектеп тастады. « Ұлттық межелеудің» көмегімен азаттық үшін күрескен «басмашыларды» талқандады. Совет мемлекеті құлағаннан кейін шекарадағы «темір шымылдық» ашылып, біз де Шыңғыс ханды басқа қырынан тани бастадық. Қият (боржігін), татар, кереиіт, найман, жалайыр, ұйғыр, қарлұқ, меркіт, олхонут, қоңырат, қырғыз, басмыл (арғын) т.б. тайпалары бір тілде сөйлеген. Ол көне түркілердің сөйлеген тілі – орхон- енисей тілі, көне ұйғыр тілі.
Шыңғыс ханның заманында қазіргі моңғол тілі болмаған, Орталық Азияда тұрған түркі-моңғол тайпалардың бәрі түркі тілінің диалектерінде сөйлеген. Бастапқыда Моңғол империясының негізгі діні тәңіршілдік болатын. Уақыт өте ұлан – ғайыр Моңғол империясына жаңа діндер келді. Империя ыдырағаннан кейін, ислам мен буддизм (ламаизм тармағы) бұрын ұқсас тілдерде сөйлеген халықтардың лексикасын өзгертті. Қазіргі моңғол тілі ХVI ғасырда пайда болды. Қазіргі түркі тілдері де араб пен парсы сөздері енгендіктен өзгеріп, көне түркі тілінен ерекшеленетін болды. Яғни, қазіргі моңғол тілі Шыңғыс хан өлген соң үш ғасырдан кейін қалыптасты. Шыңғыс хан жаздырған «Алтын дәптерді» қазіргі моңғолдар оқи алмайды, оны тек көне түркі тілін білетіндер ғана оқиды. Басқа мысал: Шыңғыс хан кеңсе жұмысына көп көңіл бөлген. Әрбір жиын, жиналыстың хаттамасын және өзі атқарған жұмыстарының іс-қағаздарын ұқыпты жүргізіп отырған. Бұл іспен ұйғырлар айналысқан. Яғни, хаттаманың бәрі түркі тілінде жазылған. Шыңғыс ханның заманында моңғол мен түркілер бір халық болған. Көне түркі тілі (таста қашалған «Күлтегін жыры» , орхон-енисей тілі) мен Шыңғыс ханның іс - қағазын жүргізген тілдің айырмашылығы шамалы. Көрші тайпалардың сән-санасы бірдей, тілдері ұқсас болған. Өйткені көшпелі тайпалар бір-бірімен тілмашсыз сөйлескен. Бір- біріне қыз беріп, келін алып, «төсекте басы, төскейде малы» қосылған. Қият руынан шыққан Шыңғыстың анасы Оэлун олхунут (уақ) тайпасынан, бәйбішесі Бөрте – унгират (қоңырат) тайпасынан, екінші әйелі Құлан – меркіт (керей) қызы, үшінші Гүлбасу – найман, төртінші және бесінші әйелдері Есуқат пен Есулан татарлар, келіндері – бүгінгі қазақ халқының құрамына кіретін рулардың өкілдері болған. Шыңғыс ханның, балалары мен немерелерінің тұсында ірі мемлекет қайраткерлері түгелдей түркі текті, яғни түркі тілінде сөйлеген. Арғун аға, Мұқалы, Жамуқа – жалайыр, Шынғай мен Бұлғай – керейіт, Тататұңға мен Кетбұқа –найман, Найаға – сіргелі, Сызған- Құтқа – татар, Борашы –арғын, Өртөбе – дулат, Көргіз –ұйғыр. Батырлары: Саба, Жебе, Сүбетай, Желме, Бала, т.б.– жалайырлар, Бөріқұл –үйсін, Шормақан – тама, Кетбұға – найман, Күй-Темір, Қадақ- Баһадүр – керейіттер, т.т. Осылардың барлығы – Шыңғыс әулеті қай тілде сөйлегенінің бұлтартпас айғақтары. Аталған рулардың түгелі негізінен, қазақ рулары. Шыңғыс хан ту көтерген кезден кейін, «Моңғол» даласында оның қол астында болған 25 ру – тікелей біздің бабаларымыз. Тіпті Шыңғыс ханның мөрінің беті түркіше жазылған.
Тарихта «моңғол» түбіріне байланысты үш мемлекет белгілі: Орталық Азиядағы Моғолистан, Үндістандағы – Ұлы Моғолдар империясы және қазіргі Монғолия. Осылардың бәрінің аты Шыңғыс хан империясына байланысты қойылған. Біз Шыңғыс хан мемлекетінің мұрагерлеріміз дейтіндер жеткілікті, олардың ішінде қазақтар да бар. Қазақ хандығы Моғолистаннан басталған, Моғолистанның жерінің үлкен бөлігі бүгінде тәуелсіз Қазақстанның құрамына кіреді.
Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін, түркі республикаларында төрелер мен қожалар «классовое сословие» жарияланып қуғынға ұшырады. Төрелер қашып, қоныс аударып, руларын жасыруға мәжбүр болды. « Қызыл жағалардың» қолдарына түскен төрелер отбасыларымен бірге жер аударылып, зоналардан тірі оралмады. Бүгінде «төреміз» дейтіндер кең байтақ Қазақстанның әр аймақтарында тұрып жатыр. Кейбіреулері ата- бабаларын Шыңғыс ханға дейін таратып бере алады. Шыңғыс ханның ұрпақтарымыз деп санайтындардың ішінде қият пен барлас руларының өкілдері бар. Төре, қият, барлас рулары қазақ халқының ажырамас бөлігі болғандықтан, Шыңғыс хан – барша қазақтың бабасы. Орыс айтты деп неліктен Шыңғысты «шапқыншы» жариялаймыз. Шыңғыс ханды, моңғолды «жау» жариялау – мақсатты әрекет. Түркі - моңғолдардың бірігуін болдырмау үшін Ресей мен Қытай билеушілерінің ойлап тапқан әрекеті. Түркі- моңғолдарды өздеріне жау санаған ұлы держава идеологтары, оларды бөлшектеп әлсіретуге көп күш жұмсады. Халықты құрту үшін, оны жадынан, тарихынан, рухынан, санасынан айыру керек. Бұл істе бүкіл түркі-моңғолдарға арқау болып тұрған Шыңғыс бабамыздың есімі кедергі болды.
Шыңғыс хан туралы дау-дамай әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Темужіннің туып өскен жері, қай тайпаға, қай руға жататыны, империяны құру жолдары мен жорықтары бізге маңызды емес. Маңыздысы мынау: қазақтар – Шыңғыс ханның мұрагерлерінің бірі. Хандарымыз – Шыңғыс қағанның бел ұрпақтары. Ата-ананы таңдамайды дейді. Қандай кемшіліктері болса да, Шыңғыс хан– біздің бабамыз. Бабаларды да таңдамайды, ал бабалар туралы білу – әр пенденің борышы.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Ресей тарихшыларының ұлы бабамызға жаққан қара күйесінен арылатын мезгіл жетті. Бүкіл әлем мойындаған бабамыздың есіміне лайықты құрмет көрсету– біздің қасиетті борышымыз, әнде міндетіміз. Шыңғыс ханға Монғолияда, АҚШ –та, Қытайда, Ұлыбританияда зәулім ескерткіштер орнатылған. Шыңғыс ханның балауыз мүсіндік бейнесі ұлы тұлғалардың қатарында Санкт-Петербург мұражайында тұр. АҚШ пен Қытайда көрермендердің жоғары бағасына ие болған Шыңғыс хан туралы көркемсуретті фильмдер қойылды. Белгілі Ресей жазушысы Янчевецкий В.Г. бірнеше романдарын Алтын Орданың тарихына арнады. Алтын Орда – біздің халқымыздың алтын тарихы. Қазақстан – бұл Жошы ұлысы, бұл– Моғолистан, бұл– Көк Орда мен Ақ Орда. Ендеше неге әлемді жаңғыртқан данышпан Шыңғыс бабамыздың құрған мемлекетінің тарихын тереңінен зерттеп, болған оқиғаларға әділ баға бермеске. Дәл бүгінгі күні метрополия не дейді деп қорғалақтайтын жағдайдан арылдық. Шыңғыс бабамыз түркі-моңғолдардың ұлы ұйымдастырушысы, біріктірушісі ретінде еліміздің тарихында лайықты орын алу тиіс. Барлық елдерде тарихи тұлғаларының атымен қалаларды атайды, ескерткіштер қояды, көшелердің атын береді. Ұлы Шыңғыс бабамызға мақтан тұтар құрметіміз қайда? Кең байтақ Қазақстанымызда Ресей тұлғаларына арналған елді-мекендер де , көшелер де жеткілікті. Тіпті, қанішер Ермактың аты әлі күнге дейін қалаларымыздың көшелерінен кездеседі. Тәуелсіздігімізге 25 жыл болды. Халқымыздың санасында отаршылдық заманда қалыптасқан стереотиптерден арылатын мезгіл жетті. Тарихи тұлғаларымызға тиісті құрмет көрсете білейік. Бұл болашақ ұрпақ үшін, еліміздің келешегі үшін, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін өте өзекті мәселе.